Қазақ киімдері іштік, сырттық, сулық, бір киер делініп төрт топқа бөлінеді. Іштік киімдерге — көйлек, дамбал, желетке, қамзол, кәзекей, сырттық киімдерге — шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге — шекпен, қаптал шапан, брезент, кебенек, кенеп, сырттық жатады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, жат елге сапар шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі де осыны аңғартады. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдерінің ең жақсы көрнектісін киетін.